CAPS Unlock Дүниежүзілік кітапхана конгресінде климат жайлы білім беру саласындағы инновациясын таныстырды

CAPS Unlock Дүниежүзілік кітапхана конгресінде климат жайлы білім беру саласындағы инновациясын таныстырды

19–22 тамыз аралығында CAPS Unlock білім беру бойынша тобы Халықаралық кітапхана қауымдастықтар федерациясының (IFLA) қолдауымен Астанада өткен 89-шы Дүниежүзілік кітапхана және ақпарат конгресіне қатысты. Конгресте 110-нан астам елден 1600-ден астам делегат, соның ішінде 400-ге жуық қазақстандық кітапханашы жиналды.

CAPS Unlock үшін конгрестің екінші күні маңызды болды. Сол күні біз «Климаттың өзгеруіне қарсы күресте көшбасшы болу» атты сессияның ұйымдастырушысының бірі ретінде сөз сөйледік. Сессия климаттың өзгеруіне бейімделуге арналған Париж келісімінің Жаһандық мақсаттарына жетудегі кітапханалардың рөлін талқылауға арналды. Бұл қауымдастықтардың климаттың өзгеруіне төзімділігін арттырып, осалдықтарын азайтуға бағытталған.

Бұны қоғам инфрақұрылымына, білімге, қоғамдық орталықтарға және азаматтардың қатысу саласына инвестиция құймай шешу мүмкін емес. Ал кітапханалар ашық және қолжетімді кеңістік ретінде осы үдерістің басты қатысушыларына айналады.

Сессия барысында CAPS Unlock өкілдері Сауле Қалықова мен Маржан Тәжиева Алматыдағы ЮНЕСКО-ның өңірлік кеңсесімен бірлесе жүзеге асырып жатқан «Turn It Around: Орталық Азия климатына қатысты карталар жинағын» таныстырды. Қатысушылар жобаның мақсаттары, Орталық Азияның бес елінен 1000-нан астам бала мен жас қатысқан шығармашылық байқаудың нәтижелері, сондай-ақ жинақты өңір тілдерінің барлығында жариялау жоспары туралы ақпарат алды.

Содан кейін «Басқа бетке өтіп, жағдайды өзгерт» атты интерактив жаттығу өтті. Ол карталардың кітапханашылар үшін қоғамды климат тақырыбында диалогқа тарту үшін қолдануға болатын құрал екенін көрсетті. Әр қатысушыға климаттың өзгеруіне қатысты үміт, алаңдаушылық немесе көзқарасты бейнелейтін балалар салған суреті бар карта берілді. Топқа бөлінген қатысушылар суреттердегі идеяларды талқылап, кітапханадағы бағдарламаларға қосу бойынша өз ұсынысын жасады.

Мысалдар:

  • Көбелек бейнеленген иллюстрация биологиялық әртүрлілік және экожүйелерді сақтауда әр түрдің маңызы туралы пікірталас тудырды.
  • Қалдықтарды азайтуды дәріптеген карта кітапханаларда артық тұтыну мәселесі бойынша ағартушылық жұмыс жүргізуге, соның ішінде туризмнің «all inclusive» түрін қалдықтардың артуына қалай ықпал ететінін сөз етуге шақырды.
  • Орманды шабуға қарсы тұрған Орталық Азияның бес тұрғыны бейнеленген сурет қоғамның қоршаған ортаны бұзу туралы хабардар болуын арттыру бойынша идеяларын дүниеге әкелді.

Семинар соңында қатысушылар мұндай құралдардың балалар мен жастар арасында тұрақты даму құндылықтары мен табиғатты сақтаудағы жауапкершілігін қалыптастыруда өте тиімді деп келісті. CAPS Unlock бастамасының маңызы Халықаралық кітапхана қауымдастықтары федерациясының ресми есебінде де атап өтілді. Онда «Turn It Around» карточкалары «шығармашылық және эмоция тұрғысынан әсерлі» деп сипатталып, олардың әлем кітапханаларында климатқа қатысты практик бастамаларға итермелеудегі ерекше рөл берілді.

IFLA-ның саясат және зерттеу жөніндегі менеджері Клэр Макгуайр атап өткендей:

«CAPS Unlock креатив және эмоционал күші зор «Turn It Around» климатқа қатысты карталар жобасын ұсынды. Бұл карталар диалогты бастауға септігін тигізетін тамаша құрал. Біз топқа бөлініп, карталарда көтерілген мәселелерді шешуге бағытталған кітапханада жүзеге асыруға болатын идеяларды ұсындық. Бірлесе отырып, біз жағымды өзгерістерге қол жеткізе аламыз».

Төрт күндік конгресс пікір алмасу алаңына айналып, гендерлік теңдік, азаматтық ғылым, «Жасыл кітапхана» сыйлығы және кітапханаларды қолдаудың жаңа стратегияларына арналған сессияларды қамтыды.

CAPS Unlock үшін бұл кездесу ең алдымен кітапханалардың климаттың өзгеруіне қарсы күрестің орталығына айнала алатынын көрсету және Орталық Азияда және одан тыс аймақта серіктес байланыстарды нығайту мүмкіндігі болды.

Previous
CAPS Unlock және ЮНЕСКО Орталық Азияда климат өзгеруі тақырыбына арналған білім беруде қолданыла алатын карталар жинағын ұсынды