FATF талаптары Қазақстандағы терроризмге емес, азаматтық қоғамға зиянын тигузіде

Қысқа сұрақ қояйын.

Қазақстанда террористік ұйымдарды қаржыландыруға немесе трансұлттық есірткі саудасына байланысты ақшаны заңдастыруға қатысы бар деп күдіктелген коммерциялық емес, үкіметтік емес ұйымдардың саны қанша?

Біздің білуімізше, нөл.

Онда не себепті Қазақстан мен Орталық Азиядағы көршілес елдердегі азаматтық қоғам өкілдері өздерін күдікті сезініп, қатаң реттеліп жатқанын түсінбей келеді?

Бұл әсіре сілтеу емес.

Мұны түсіну үшін бір маңызды қысқарған сөзге назар аударуымыз керек. FATF (ФАТФ) – ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу топтары (Financial Action Task Force).

Бұл халықаралық бастама G7 елдерінің идеясы ретінде 1980 жылдардың соңында, яғни жаһандық есірткі саудасына қарсы күрес кезінде дүниеге келді. Кейін 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан соң бұл механизм террористік ұйымдарға кедергі келтіру үшін пайдаға тиді.

ФАТФ-та қатысушы елдер үшін міндетті 40 жаһандық стандарт бар. Бұл стандарттар тиісті тексерулер, қаржылық ашықтық, санкциялар және мемлекетаралық ынтымақтастық секілді бағыттарды қамтиды.

Стандарттарға сай болуын қамтамасыз ету үшін ФАТФ-қа қатысы бар өңірлік құрылымдар елдердің міндеттемелерін қалай орындап жатқанын бағалайды.

Осы 40 стандарттың бірі – 8-ұсыным (Recommendation 8). Бұл бөлім нақты коммерциялық емес ұйымдарға (КЕҰ) қатысты. Онда КЕҰ-ларды террористік қаржыландыру жолында пайдалануға жол бермеу үшін мемлекеттер тиісті шаралар қабылдауы тиіс делінген.

Алайда ұсынымға қарап оның авторлары кей үкіметтер бұл стандартты өз мүдделері үшін теріс жолда пайдалануы мүмкін екенін түсінгені анық. Сондықтан олар анық әрі бірмағыналы сөздерді қолданған:

«Мемлекеттер коммерциялық емес ұйымдардың заңды қызметіне кедергі келтірмей, негізі анық, теңгерімді және тәуекелге негізделген шара қолдануы тиіс.»

Бірақ Қазақстанда бұл сөздің мәні мен мағынасы қатты бұрмаланып отыр. Бұл жай қателік емес, бұл – тәуелсіз дауыстарды тұншықтыруға бағытталған жүйелі әрекет сияты.

Азаматтық қоғам халықаралық серіктестер мұның бәрін біліп, бірақ «қолайсыздық туғызбау үшін» үнсіз қалады деп алаңдайды.

8-ұсыным қатаң шаралар «қауіп-қатер төндіруі мүмкін» деп танылған ұйымдарға ғана қатысты қолданылуы тиіс дейді. Бірақ Қазақстанда бүкіл сектор дәлелсіз-ақ күдікті саналады. Бұл қауіпке негізделген ұстанымға қарама-қайшы.

Қазақстанда барлық үкіметтік емес ұйымдар көлемі мен қызмет саласына қарамастан жыл сайын бірнеше егжей-тегжейлі есеп тапсыруға міндетті. Бұл шара қауіпке сәйкес емес және негізделген тексеру ұстанымына қайшы.

2016 жылы шенеуніктер қаржыландыруды шетелден алатын ұйымдардың ашық тізімге тіркелуін міндеттеді. Бұл КЕҰ қызметін қоғамдық және саяси тұрғыда қаралау үшін жасалған әрекет екені анық.

8-ұсынымға қоса берілген түсіндірмеде нақты көрсетілгендей, бұндай шаралар заңды және кінәсіз КЕҰ-лардың жұмысына мүмкіндігінше зиян келтірмей жүргізілуі тиіс.

Қазақстандық КЕҰ-лар кейде бітпейтін тексеруге, айыппұлдарға, қызметін тоқтату туралы ескертулерге, банк есепшоттарының бұғатталуына тап болатынын хабарлайды. Бәріне бірдей қолданыла беретін бұл тәсіл – «нысаналы бақылау» емес, қорқыту мен мәжбүрлеу атмосферасына алып келеді.

Егер бұндай қатаң шаралардың нәтижесінде террористнемесе есірткі барондарының ұсталғаны туралы нақты мысалдар болса, бәлкім, әңгіме басқаша болар еді, бірақ ондай бірде-бір жағдай туралы естіген емеспіз.

Қазақстанның 2021 жылы дайындаған Ұлттық қауіпті бағалау есебінде үкіметтің өзі КЕҰ-лар терроризмді қаржыландырумен байланысы жоқ екенін мойындады.

Басқаша айтқанда, мемлекеттің зерттеуі азаматтық қоғам өкілдері айтып келген мәселені растайды: КЕҰ секторы қауіп төндірмейді.

Онда бүкіл секторды шектеудің мәні не? Бұл – ешбір негізсіз жазалаудың саясаты.

Басты ирония мынада: Қазақстандағы әдіс қауіпсіздікті арттырмайды, керісінше қатер тудырады.

Ұйымдарды қатал бюрократия арқылы қысып, заң қамтымайтын бұлыңғыр жерге мәжбүрлі түрде итермелейді. Олардың кейбірі не жұмысты тоқтатуға, не бейресми (заңсыз) жұмыс істеуге мәжбүр болады.

Бұл құқық тұрақтылығына да залал келтіреді. Заң біржақты қолданылып, өзгеруі, не мүлде ескерілмеуі мүмкін екенін білдіреді. Бұл инвесторларда теріс пікір тудырып, Қазақстанның экономикалық тұрақтылығына да зиян келтіреді.

Азаматтық қоғам терроризм мен трансұлттық қылмыстың нақты қаупі бар екенін түсінеді. Бірақ олармен күрес дәлелге негізделген тәсілді талап етеді.

ФАТФ-тың 8-ұсынымы талап ететін қауіпке негізделген тәсілдің мәні де сонда.

Яғни:

  • Қауіпті нақты дәлелдер арқылы бағалау
  • Тек іс жүзінде қауіп төндіретін КЕҰ-ларды реттеу
  • КЕҰ-ның заңды жұмысына кедергі келтірмеу
  • Азаматтық қоғаммен ашық диалог жүргізу

Қауіпке негізделген тәсілдің басы мәні – кімді тексеру керек екенін тиянақты таңдау. Яғни бақылауды нақты қауіп бар жерде ғана қолдану.

Қазақстан бұл жолда көп нәрсені бұрыс істеп отыр.

  • Қауіпті бағалау үрдісі үстірт және жұртшылыққа жария емес
  • КЕҰ-лар кеңес беру процесінен шеттетілген
  • Барлығына бірдей қолданылатын ережелер сақталып отыр
  • Шектеулерге қарсы шағымдану тетігі жоқ

Халықаралық стандарттарға сай болу саясаты азаматтық қоғамды тұншықтыру құралына айналып отыр. Бұл – қателік емес, әдейі жасалған әрекет.

Қазақстандағы азаматтық қоғам қиын кезеңді бастан кешіп жатыр. Қаржы тапшы, қысым күшейді.

Бірақ қол қусырып отыруға болмайды.

Дайындалып жатқан заңнаманы мұқият бақылап, құқық бұзуды құжаттау қажет.

Иә, ФАТФ кейде репрессияны ақтауға мүмкіндік береді. Бірақ ол сонымен қатар есеп беруді талап ететін алаң да ұсынады.

Бағалау кезеңінде тәуелсіз сарапшылар мен КЕҰ өзінің балама есебін ұсына алады. Бұндай есеп беру өте маңызды.

Олар Қазақстанның стандарттарға сәйкес болуына әсер етеді және халықаралық қауымдастыққа үкіметтерді формалды түрде ғана емес, құқық сақтау бойынша да жауапқа тартуға мүмкіндік береді.

БҰҰ, ЕҚЫҰ, ФАТФ жанындағы жаһандық КЕҰ коалициясы сияқты халықаралық құрылымдармен жұмыс жасау арқылы азаматтық қоғам үлкен рөл атқара алады.

Бұл көмек біржақты болмауы тиіс. Қысымның астында әділет пен ашықтық үшін күресіп жатқан тәуелсіз ұйымдарға Қазақстанның халықаралық серіктестерінен қолдау қажет.

Оған қоғамдық ынтымақ та, қаржылай ресурстар да кіреді. Өйткені жалғыз моральдық ұстаныммен ғана демократияны қорғап қалу мүмкін емес.

Айда Айдарқұлова – CAPS Unlock ұйымының атқарушы директоры, 20 жылдан астам тәжірибесі бар құқық қорғаушы заңгер.

Posts Related by Tags

CAPS Unlock-тың тарихы

Біздің мақсатымыз – аймақты ашып қана қоймай емес, оны таптауырыннан тазарту. Тозығы жеткен, шындыққа жанаспайтын, бірақ қайталана беретін нарративті қайта жазу.

Мұнай кен орындарынан университет аудиторияларына дейін жалғасқан Қазақстан мен Италия арасындағы байланыс

Қазақстандағы қалашықта итальян тілін естимін деп ойламайсың. Бірақ бірнеше жыл бұрын дәл солай болды. Екі ер адам өнеркәсіп жабдығын сататын бизнесін тіркеу үшін қажет құжаттар жайды дауласып жатыр екен. Италияда ұзақ жылдар оқығанымның арқасында тілді білетіндіктен, мен көмек берейін деп араластым. Төрт қолтаңба қойып, үш кесе эспрессо ішкен соң мәмлеге келдік. Ең оңай тапқан 100 […]

Климат жайлы мектептегі білім беруді өзгерту

Осындай жаттығу климаттың өзгеруін өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыра алады.

All posts