Дөңгелек үстел | Орталық Азияның энергетикадағы өтпелі кезеңіндегі жетіспейтін бөлігі

Электр энергиясын өндіру –  бір жұмыс. Оны қажет жерге жеткізу – мүлдем басқа мәселе.

Бір қарағаннан қарапайым көрінетін іс осы аптада Алматыдағы CAPS Unlock кеңсесінде өткен талқының орталығына айналды. Орталық Азияның түкпір-түкпірінен жиналған сарапшылар аймақтың электроэнергетикасындағы интеграцияны, энергожүйелердің тұрақтылығын және энергетикадағы өтпелі кезеңінің болашағын талқылады.

Орталық Азияның электроэнергетикалық жүйелері туралы Фридрих Эберт қоры үшін жақында орындалған зерттеу жұмысын таныстыра отырып, энергетика саласының сарапшысы Аружан Мейірханова энергетикадағы өтпелі кезең туралы талқының басым бөлігі жаңа қуат көздері, оның ішінде күн электр мен жел станцияларына, гидроэнергетикадағы жобалар және қазіргі таңда атом станциялары туралы болатынын атап өтті.

Алайда электр энергиясын елдер арасында және тұтынушыларға жеткізетін желілерге әлдеқайда аз көңіл бөлінеді.

«Егер елдер өндірісті  таратушы инфрақұрылымнан гөрі жылдамырақ өсірсе, энергетикадағы өтпелі кезең тұйыққа тірелу қаупін туғызады», — деп ескертті ол.

Мейірханова желіні дамыту қарқыны өндірістен кешіксе не болатынын түсіндіру үшін Халықаралық энергетика агенттігінің модельдеріне жүгінді. Жаңартылатын энергетика объектілері салынса да, электр энергиясын әдетте генерация көздерінен әдетте алыс тұтынушыларға жеткізуге қажетті инфрақұрылымның дамуы артта қалады. Нәтижесінде қазба отынынан шығатын қосымша энергияға тәуелділік сақталады және инфрақұрылым уақытында дамыған жағдайға қарағанда шығындылар деңгейі әлдеқайда жоғары болады.

Бұл тақырып Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанға әсер еткен 2022 жылғы қаңтардағы блэкаут әлі естен кетпеген аймақ үшін маңызы зор. Сол оқиға Орталық Азияның саяси және реттеуші интеграция саласында жақындаспағанымен электроэнергетика жүйесінің байланысы терең екенін тағы бір рет еске салды.

Мейірханова саясаткерлер «электроэнергетика дилеммасы» тап болды дейді. Диллемманың мәні – сұраныс өскен сайын энергиямен қамтамасыз ету қажетімен қатар көміртектің үлесін азайтуға ұмтылу арасындағы баланысты табу. Бұл мәселе Орталық Азияда көкейкесті, себебі халық өсімі, өнеркәсіптің дамуы, цифрландыру және деректер орталықтары сияқты көп энергияны тұтынатын салалардың пайда болуына байланысты аймақта электр энергиясын тұтыну жылдам өседі деп күтілуде.

Сонымен бірге аймақтағы үкіметтер алдына жаңартылатын энергетика саласында үлкен мақсаттар қояды. Өзбекстан 2030 жылға қарай электр энергиясының жартысын жаңартылатын көздерден алуды жоспарласа, Қазақстан бүкіл ел бойынша күн және жел генерациясын ұлғайтуды жалғастырмақ.

Мейірханова өз баяндамасында энергияны өндіру процестің бір ғана бөлігі екенін қайталады.

Талқылаудың едәуір бөлігі электр желілерінің қазіргі жай-күйіне арналды. Аймақтың басым бөлігінде көптеген тарату жүйелері бірнеше онжылдық бұрын салынған және жылдар бойғы инвестицияның жетіспеуі мен техникалық қызметтің уақытында жүрмеуінің салдарынан Орталық Азия әлемдегі орташа көрсеткіштерден едәуір асатын қымбат шығындарға тап болды.

CAPS Unlock дөңгелек үстелінің бірқатар қатысушылары мәселенің инфрақұрылымда ғана емес екенін алға тартты.

Алматыдағы «Цифрлық қоғам» сараптама орталығының директоры Нұрғали Рахманов тұрақтылықты инженерлік мәселе емес, басқарудағы мәселе ретінде сипаттады.

Оның пікірінше, электр тарату компаниялары пайдалану мерзіміндегі ең тиімді шешімнің орнына ең арзан жабдықты таңдайды. Сатып алу стандарты әлсіз, жүйеде сыбайлас жемқорлық қаупі жоғары, ал электр энергиясын, оның ішінде заңсыз криптомайнинг операциялары арқылы ұрлау, жұмыс тиімділігін азайтады.

«Тұрақтылықты менеджмент призмасы арқылы қарастырған дұрыс», — деді Рахманов. — «Энергетикалық инфрақұрылымда ең әлсіз буын — таратушы компаниялар. Шығындар тек ескірген кеңестік желілер себебінен ғана емес, таратушы компаниялар жабдықты жарамдылық мерзіміндегі орташа тиімділігіне байланысты құнына қарай емес, бастапқы бағасы ең төмен жабдықты сатып алатындықтан да өседі».

Ол мәселенің саяси экономиясы туралы тапқыр пікірін бөлісті.

«Бұл да бір ойын деуге келеді. Тарифті көтеруге ат салысатын басты лоббидің көзі — таратушы компаниялардың өзі», — деді ол. Рахманов ол компанияларды кіріс өсімінен ұта тұрып, шығындарды азайтатын реформаларға қарсы тұратын құрылымдар ретінде сипаттады.

Талқыда сондай-ақ аймақтың жасыл энергетикадағы амбициясы мен сенімді энергия өндіруге деген қажет арасындағы ішкі қайшылықтар айқын көрінді. Жаңартылатын энергетика белең алса да, көмір, газ және атом энергиясының Орталық Азияның энергетикалық болашағының өзегі болып қала беретінін іс-шара барысында қатысушылар бірнеше рет қайталап айтты.

Орталық Азия университетінің аға ғылыми қызметкері Қанат Тілекеев 2025 жылдың соңында жарияланған Қырғызстандағы ірі жылу электр станциясы салу туралы жаңалыққа назар аударды. Кей топтар бұның экологиялық салдары бар және елдің климатқа байланысты міндеттемелерімен үйлеспейді деп алаңдайды.

Басқа баяндамашылар шағын модульдік реакторлардың, әсіресе Өзбекстандағы, өсіп келе жатқан рөлін және ядролық жобалардың жаңа буыны жаңартылатын энергияға негізделген энергожүйенің тұрақтылығы үшін қажет икемді негізгі энергия көзі бола алатынын алатынын талқылады.

Энергетика мен су ресурстарының өзара байланысы тағы бір маңызды тақырыпқа айналды. Қырғызстан мен Тәжікстан өкілдері аймақтық электроэнергия саласындағы интеграциясын су ресурстарын басқарудан бөлуге болмайтынын баса айтты. Гидроэнергетика екі ел үшін де өте маңызды, алайда жауын-шашын режимінің өзгеруі, мұздықтардың еруі және суару үшін бәсекелестік қазіргі келісімдердің үстінен қысымды күшейтуде.

«Орталық Азия ішіндегі артық энергияны қайта бөлінуі қалай жұмыс істейтіні туралы ойлануымыз керек», — деді CAPS Unlock-тың аға кеңесшісі Зухра Халимова.

Халимова CASA-1000 сияқты жобалардың артық электр энергиясын Оңтүстік Азияға экспортқа бағытталғанын және бұл аймақтағы сұраныс пен экспорт мүмкіндігі арасындағы тепе-теңдік жайлы сұрақ туғызатынын атап өтті.

«Тәжікстан артық энергия өндіргенде, Орталық Азия аймағынан тыс жерге сатуға мүдделі», — деді ол.

Бұл сөз талқыны желілер мен электр станцияларынан аймақтағы басқару және саясат мәселесіне қарай кеңейтті. Бірқатар баяндамашылар электроэнергетикадағы терең интеграцияға кедергі келтіретін проблема міндетті түрде техникалық болмайтынын атап өтті. Аймақ кеңестік дәуірден мұраға қалған байланыс жүйелеріне ие. Басты проблема сенім, реттеуші саясат, есеп айыру тетіктері және ақпарат алмасу мәселесі болып тұр.

Соңғы жылдары Орталық Азияда саяси сенім айтарлықтай өсті, бірақ Мейрханованың пікірінше, саясаткерлер Еуропалық Одақтағыдай терең интеграцияға әлі дайын емес.

Оның орнына Мейірханова Дүниежүзілік банктің REMIT платформасын ұсынды: бұл платформа елдерден өте сезімтал деректермен бөлісуді немесе ішкі реттеуді толық үйлестіруді талап етпестен электр энергиясымен шекара арасында саудаласуға мүмкіндік береді.

Оның айтуынша, Дүниежүзілік банктің ұсынған сауда платформасын іске қосу үшін «белгілі бір сенім деңгейі бар», дегенмен интеграцияланған нарық үшін бұдан артық еңбек қажет.

Сыртқы акторлар да назардан тыс қалмады. Мейірханованың баяндамасында Ресей, Қытай және Еуропалық Одақ айрықша көрініс тапса, кейін талқыда Парсы шығанағы мемлекеттерінің өсіп келе жатқан маңызды рөлі атап өтілді.

Норвегия халықаралық қатынастар институтының Климат және энергетика тобының жетекшісі Роман Вакульчуктің айтуынша, Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері 2022 жылдан бері Орталық Азиядағы жаңартылатын энергия жобаларына жалпы сомасы 7 миллиард долларды құрайтын қаражат құйған. Парсы шығанағы елдерінің капиталы көбіне қытайлық технологиялар мен жобаларды іске асырумен қатар жүреді.

Бұндай келісім еңбекті бөліп береді: Парсы шығанағы елдері қаржыландыруды қамтамасыз етіп, өздерінің әлемдегі таза энергия саласында ойыншы ретіндегі беделін нығайтады, ал қытайлық компаниялар жабдықты, инжинирингпен қамтамасыз етіп, жобаларды жүзеге асырады. Вакульчуктің байқауынша, ірі халықаралық акторлар Парсы шығанағының Орталық Азиядағы энергетика секторына қатысуынан әзірше қауіптенбейді.

«АҚШ, Ресей, ЕО, Қытай — олар Парсы шығанағы елдерін Орталық Азиядағы үлкен геосаяси бәсекелес ретінде қарастырмайды, — деді ол. — Айтарлықтай геосаяси шиеленіс жоқ».

Бұл назарды іс-шараның басты мәселесіне қайта аударды.

Вакульчук атап өткендей, желілерге құйылатын инвестициялардың үлесі өндіріске бөлінген қаражаттың тек шамалы бөлігін құрайды. Оның пайымдауынша, бұл айырма Орталық Азия билігінің нақты не істеп жүргенін көрсетеді.

Бұл дисбаланс Орталық Азияның энергетикадағы трансформациясының келесі кезеңіне зор әсер етуі мүмкін. Аймақ халықаралық қызығушылықты арттырып, едәуір инвестиция тартты. Бірақ алда қиын жұмыс жатыр — ол көзге аз түсетін және көбіне саяси тұрғыда қиын мәселелер тудырады. Ол тарату желілерімен, реттеуші механизмдер және шекарааралық институттармен байланысты. Ал басты мақсаты – энергияның оған зәру адамдарға жетіп-жетпейтінін анықтайды.

Мейірханова атап өткендей: «Орталық Азияның энергетикадағы трансформациясы тек жасыл мегаватт қосу есебінен ғана жеңіске жетпейді. Ол тарату, тасымалдау, цифрландыру, адами капитал және жүйенің сенімді, қолжетімді және орнықты болуын қамтамасыз ететін институттарды жаңғырту арқылы жеңіске жетпек».

Тәгтер бойынша байланысты жазбалар

Жастар үнінен іс-әрекетке дейін: Орталық Азияда климат жайлы білімді өзгерту үшін алты ұсыныс

Turn It Around! жастар көзқарасы болашақтың белгісіздігіне дайын болу үшін білім беру саласына қатысты нақты талаптарына айналды.

Халықаралық жоғары білім саласындағы ынтымақтастық пен дамуды Қазақстан мен Қытай мысалында қайта саралау

Ортақ мақсат пен стратегияға қарамастан, екі ел халықараландыру процесінде әртүрлі тәсілдерді қолданады.

Орталық Азия мен АҚШ арасындағы B5+1 форумында не айтыл(ма)ды

Бизнестегі мүмкіндіктер көбейген сайын тек ресурстар мен нарыққа қол жеткізу туралы ғана емес, қабылданатын шешімдердің салдары туралы да ойлану қажет.

All posts