Қытай мен Қазақстан соңғы он жылда білім саласында тығыз әріптестікті қалыптастырып келеді.
Бұл жоғары білім саласындағы бірлескен бағдарламалар санының өсуінен, жаңа ашылған Конфуций институттары мен Қазақстан бойынша қытайлық университеттердің филиалдарынан айқын көрінеді. Сонымен қатар Қытайда жоғары білім алатын қазақстандық студенттер саны да үздіксіз өсіп жатыр.
Екі ел де әріптестікпен қатар жоғары білім жүйелерін халықаралық деңгейге шығаруға ұмтылады.
Алайда бұл екі процесс бір-біріне қайшы келеді. Теория жүзінде ынтымақтастық батыстық емес жүйелер арасында жаңа, жергілікті негізде жасалатын академиялық алмасу формаларына орын ашуы тиіс еді.
Эмпирикалық деректер мұның болмай жатқанын көрсетеді. Керісінше, ынтымақтастықтың бірнеше маңызды бағыттары тежеліп қалған.
Қазақстанның әріптестіктегі рөлі әлі де шектеулі. Қазақстандық мекемелер өз бастамаларын сирек көтереді. Қазақстанның Қытаймен жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа қатысуы стратегиялық емес, реактив сипатқа ие. Көптеген қазақстандық университеттер қытайлық серіктестерімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойғанымен, бұл келісімдер нақты және тұрақты ынтымақтастыққа сирек жол ашады.
Екі ел арасындағы академиялық ұтқырлық айтарлықтай теңсіз. Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылғы жағдай бойынша Қытайда шамамен 20 000 қазақстандық студент білім алса, 2024 жылы Қазақстанда небәрі 2 100-дей қытайлық студент оқыған. Қытайлық студенттердің басым бөлігі этникалық қазақтар болған.
Мұның себебін түсіну үшін үш негізгі өлшемді назар аудару қажет: халықараландыру саясатының бағдары, академиялық ұтқырлықтың құрылымы және оның аясында елдер бір-бірінен не күтетінін айқындау.
Халықаралық жоғары білімді дамытудағы батыстық бағдар
Соңғы бірнеше онжылдықта Қытай да, Қазақстан да жоғары білімді халықараландырудың маңызын ұлттық деңгейде де, университеттер деңгейіндегі де стратегиялар арқылы атап өтті. Бұның басты мақсаты – өз білім жүйелерінің жаһандық рейтингтегі орнын нығайту болды. Бұл үдерістің шеңберінде халықаралық сипаттағы бағдарламалар санын кеңейту, жаһандық әріптестікті нығайту және академиялық ұтқырлықты ынталандыру шаралары қабылданды.
Ортақ мақсаттар мен стратегияларға қарамастан, екі ел халықараландыруды жүзеге асырудың түбегейлі әртүрлі тәсілдерін таңдады.
Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан өзінің жоғары білім жүйесін батыс үлгісіне сәйкестендіруге ұмтылып келеді. Америкалық және еуропалық үлгідегі университеттер ашты, академиялық стандарттарды үйлестіру үшін Болон процесіне қосылды, студенттер мен оқытушылардың ұтқырлығын қолдау үшін Erasmus+ бағдарламасына қатысты. Еуропалық және америкалық сапа кепілдігі агенттіктерінің аккредитациясы қазақстандық білімнің бәсекеге қабілетін арттыра алады деген пікір басым.
Дегенмен, бірлескен жобалар арқылы халықаралық ынтымақтастыққа қатысуы кеңейгенімен, Қазақстанның шетелдік студенттер үшін тартымдылығы арта қоймады және жаһандық академиялық әріптестікте белсенділігі төмен. CAPS Unlock білім беру жобаларының үйлестірушісі Маржан Тәжиеваның жазбаларына сүйенсек, жетекші шетелдік университеттер қазақстандық мекемелермен әріптестікке қызығушылығы шектеулі. Тек бірен-саран қазақстандық университеттер ғана шетелде филиалдар ашты.
Қытай университеттерінде өзінің ерекше жоғары білім жүйесін сақтап қалды. Елде батыс университеттері филиалдары көп емес. Ресми оқу тілі ағылшын және академиялық жүйесі мен педагогикалық тәсілдері батыстық білім беру жүйесінің стандарттарына сәйкес келетін трансұлттық институттардың да саны аз. Бұл орайда, қазақстандық университеттер мен студенттер қытайлық жоғары білімнің евро-америкалық үлгілерден ерекше болуын халықаралық ынтымақтастық пен Қытайда оқуға кедергі ретінде қарайды.
Дегенмен Қытайдағы көптеген аймақтық университеттер шетелдік студенттерді тарту мақсатында ағылшын тілінде оқытылатын халықаралық бағдарламалар жасақтауға айтарлықтай күш жұмсап жатыр. Қазақстаннан Қытайға оқуға келетін жастар саны шынымен де артып келеді, алайда бұл Қытайға деген айқын сұраныс емес, Қазақстаннан шетелге баратын студенттер санының жалпы өсуіне байланысты болуы мүмкін.
Қазақстандық студенттердің көбі батыстық университеттерді оқу үшін басым бағыт ретінде қарастырады. Бұл тұрғыдан олар қытайлық құрдастарынан ерекшеленбейді. Уильям Кирби мен Марийк ван дер Венде атап өткендей, «Қытайдағы студенттер мен университеттер де көршілес елдерге қарағанда Америка мен Еуропаға әлдеқайда бейім».
Академиялық ұтқырлықтың әртүрлі стратегиялары
Қазақстан мен Қытай арасындағы академиялық ұтқырлық теңсіздігіне ықпал ететін тағы бір негізгі фактор – стипендиялық қолдаудың деңгейі мен стратегиясындағы айырмашылықтар.
Қазақстан академиялық ұтқырлыққа тұрақты инвестиция салып келеді. Басым бөлігі 1993 жылы іске қосылғаннан бері 14 000-нан астам студентті қаржыландырған «Болашақ» мемлекеттік стипендия бағдарламасы арқылы. Алайда қазақстандық университеттер сайттарын талдау елдің академиялық ұтқырлық саласы студенттер мен қызметкерлерді шетелге жіберуге бағытталып, шетелдік студенттерді елге тартуға назар аударылмайтынын айқын көрсетеді.
2024 жылы шамамен 91 200 қазақстандық студент шетелде білім алды, бұл Қазақстанды студенттерін шетелге жіберетін елдер арасында әлемде тоғызыншы орынға шығарды. Бұл ретте қазақстандық университеттерде тек шамамен 32 000 шетелдік студент білім алды.
Қытай, керісінше, шетелдік студенттерді тартуға ерекше мән беріп, «Жібек жолы» елдерінің студенттеріне арналған «Бір белдеу, бір жол» стипендиясын қоса алғанда, кең ауқымды стипендиялар ұсынады.
2018 жылы Қытайдағы шамамен 40 000 шетелдік студент «Белдеу және жол» бастамасы (БЖБ) стипендиялары арқылы қаржыландырылды, бұл сол жылы барлық стипендия алушылардың шамамен 65 пайызын құрады. Қазақстандық студенттер БЖБ стипендиясынан алған алғашқы он елдің қатарына кірді.
Қытайдағы стипендиялар санының күрт өсуі шетелдік студенттер санының ұлғаюына тікелей себеп болды деп дөп айту мүмкін емес. Дегенмен Қытай мен Қазақстанның стипендия саясатындағы айырмашылықтар шетелге студент жіберу немесе оларды тарту саласындағы әртүрлі стратегиялар мен мақсаттарды көрсетеді.
Екі елдің бірін-бірі жайлы жаңылысуы және сапаға қатысты сенімсіздік
Қазақстандық университеттер қытайлық жоғары оқу орындарымен әріптестік құруда бірқатар кедергілерге тап болды.
Оларға қытайлық университеттер қызметкерлерінің ағылшын тілін жеткіліксіз меңгеруі, академиялық нормалар мен институционал мәдениеттің сәйкессіздігінен туындайтын мәселелер, оқу бағдарламаларының сәйкессіздігінен кредиттер мен дипломдарды тану қиындықтары жатады. Қытай қоғамындағы жалпы тілге байланысты кедергілер мен қытайлық жоғары білім жүйесіндегі педагогикалық тәсілдердің ерекшеліктері де қазақстандық студенттерді алаңдатады.
Бұл Фахра Ясминнің жетекшілігімен 2021 жылы жасалған зерттеуінің нәтижелерімен сәйкес келеді. Батыстық студенттер қытайлық университеттердегі білім сапасына да, әкімшілік қызмет сапасына да наразылық білдірген. Оқытушылар мен қызметкерлердің ағылшын тілін жеткілікті деңгейде меңгермеуі халықаралық оқу бағдарламаларының талаптарына сәйкес келмейді деп аталды.
Керісінше бағытта да жағдай ұқсас. Зерттеу нәтижесі қытайлық студенттердің де Қазақстанда оқудан тайынатынын көрсетеді. Оған білім сапасына қатысты алаңдау, тұрмыстың қымбат болуы және қазақстандық жүйедегі сыбайлас жемқорлық себеп болып отыр.
Бір-бірінің әлеуметтік ортасы, академиялық мәдениеті және білім сапасы туралы өзара теріс пікір географиялық жақындыққа қарамастан екі ел арасындағы тең құқықты және ұзақ мерзімді жоғары білім саласындағы әріптестіктің дамуына кедергі келтіріп отыр.
Теңсіздікдің салдары
Қытай мен Қазақстанның халықаралық жоғары білімге деген көзқарастарын сараласақ, олардың ортақ тұстары, айырмашылықтары және ұзақ мерзімді академиялық әріптестікті неге сақтай алмайтындары терең құрылымдық мәселені паш етеді. Жаһандық академиялық жүйе әлі де иерархия мен теңсіздікке толы.
Қытай мен Қазақстан халықаралық жоғары білім мен жаһандық ғылыми желілерде белсенді рөл атқара бастағанымен, білімді өндіру мен бағалауда батыс парадигмалары үстемдігін сақтап жатыр. Бұл батыстық емес эпистемологияны шектейді. Алия Қожабекова мен Джек Т. Лидің зерттеулері көрсеткендей, қазақстандық университеттердегі батыстық оқытушылар жергілікті әріптестердің академиялық мүмкіндіктері мен ағылшын тілін меңгеру деңгейі жеткіліксіз деп есептеп, бірігіп жұмыс істеуден жиі бас тартады. Дәл сол сияқты, евроамерикалық нормалармен ұштаспайтын қытайлық жоғары білімнің ерекшелігі батыстық ғалымдарға оның жетістігін мойындауды жиі қиындатады.
Батыстық емес академиялық құндылықтың маргиналдануы ғылымдағы ағылшын тілінің үстемдігімен тығыз байланысты. Ол ағылшын тілді елдердің студенттері мен ғалымдарына оқу, зерттеу және ресурстарға қол жеткізу тұрғысынан айтарлықтай артықшылық береді.
Бұл теңсіздік Қытай мен Қазақстанға тікелей әсер етеді, себебі екі ел де кей жағдайда білімдегі ағылшын тіліне артықшылық беруге ұмтылған. Нәтижесінде білім сапасы академиялық мазмұн емес, ағылшын тілін меңгеру деңгейі арқылы бағаланатын болады.
Бұл иерархия академиялық ұтқырлық та да көрінеді.
Қытай мен Қазақстан шетелдік студенттерді көбірек қабылдаса да, олардың басым бөлігі Азия немесе Африка елдерінен келеді, ал дамыған елдердің өкілдері өте аз.
Оған қоса, Қытай мен Қазақстаннан шыққан студенттердің басым көпшілігі батыс елдерінде білім алуға ұмтылады. Бұл студенттік ұтқырлықтың Шығыстан Батысқа қарай бағытталған дәстүрлі үлгісінің тұрақтылығын тағы бір мәрте айқындайды.
Бұл теңсіздік миграцияны күшейтіп қана қоймай, батыстық емес студенттерді кем қабілетті етіп бейнелейтін нарративтерді де қайта жаңғыртады.
Қытай мен Қазақстандағы жоғары білімді халықараландырудың жекелеген практикалары жергілікті студенттер үшін теңсіздік тудырады.
Мысалы, қытайлық университеттердегі ағылшын тілінде оқытылатын халықаралық бағдарламалар жергілікті студенттер үшін жиі қолжетімсіз. Шетелдік студенттерді тарту үшін екі елдің де көптеген университеттері шетелдік абитуриенттер үшін талаптарын жеңілдетеді. Кейбір жағдайларда шетелдік студенттерге тұрғын үй, қаржылық қолдау және академиялық бағалауда артықшылық беріледі.
Тіпті қытай тілінде оқытылатын бағдарламаларға қабылданған шетелдік студенттерге тапсырмалар мен диплом жұмыстарын ағылшын тілінде орындауға рұқсат берілетін жағдайлар да кездеседі.
Ұсыныстар
Қазақстандық және қытайлық жоғары білім жүйелерінің белгілі бір шектеуі бар екені сөзсіз болса да, білім берудің бай дәстүріне ие елдің артықшылықтары мен бағалы эпистемика негіздері болатынын мойындау да маңызды.
Батыстық үлгілерді толығымен қайталаудың орнына, екі ел де сыртқы озық тәжірибені жергілікті жүйелерге бейімдеу жолдарын іздестіруі керек.
Сонымен бірге олар жергілікті тіл, академиялық артықшылықтар мен мәдени мұраны пайдаланатын бастамалар арқылы өз ықпалын кеңейту үшін табысты білім үлгілерін дүниемен белсенді түрде бөлісуі тиіс. Бұл стратегиялар батыстық емес білім мекемелерінің құнын және ықпалын ерекшелеп, жаһандық білім беру жүйесін әділ етуге үлес қоса алады.
Екі жүйе арасындағы ынтымақтастық нақты нәтиже беруі үшін өзара түсіністікті дамыту және тиімді әріптестік орнатуды қолдау аса маңызды.
Тиімді тәсілдердің бірі – серіктес елдің мәдениетіне, саясатына, экономикасы мен қоғамына арналған зерттеу орталықтарының рөлін күшейту, осылайша мәдениетаралық байланысты тереңдету.
Бұдан басқа, екі елдің де жоғары білім контексінде және әлеуметтік медиа платформаларында ашық және инклюзив кеңістіктер жасау, сондай-ақ жекелеген университеттер, ғалымдар мен студенттердің табысты ынтымақтастық тәжірибесіне сүйену болашақ бірлескен жұмыстың тұрақтылығын мен тиімділігі арттыра алады.
Гуй Ли — Канaдадағы Макгилл университетінің Білім берудегі кешенді зерттеулер кафедрасының докторанты. Оған gui.li2@mail.mcgill.ca электрондық пошта арқылы хабарласуға болады.
Ол 2025 жылдың сәуірінен шілдесіне дейін Орталық Азияны зерттейтін жас зерттеушілерді қолдауға бағытталған CAPS Unlock бағдарламасы аясында тағылымдамадан өтті.
Білім берудегі «сапа» мен «теңдік» арасындағы ажырамас байланыс туралы.
Қырғызстанның сауда көлемі өндіріс көлемінен артық. Айтарлықтай артық. Бұл бір жағынан артықшылық болса, екінші жағынан кемшілік. Он жылдан астам уақыт бойы Қырғызстан Орталық Азия арқылы өтетін тауарлардың хабына айналды. Қытай тауарларына толған жүздеген жүк көлігі Торугарт пен Иркештам шекара өткелдерінен бастау алатын таулы жолдармен гүрілдеп өтеді. Ұсақ кәсіпкерлер арзан отын алу үшін Қазақстанмен арасындағы шекарадан […]
Бизнестегі мүмкіндіктер көбейген сайын тек ресурстар мен нарыққа қол жеткізу туралы ғана емес, қабылданатын шешімдердің салдары туралы да ойлану қажет.