Ақпанның басында Қырғызстан астанасы B5+1 форумының екінші жиынын қабылдады. Бұл бастама Орталық Азияның бес елі мен АҚШ арасындағы іскерлік байланысты нығайту мақсатында Вашингтонда әзірленген.
Бұл — ірі елдер Орталық Азияны мойындап, оны халықаралық өркендеуге үлес қосатын аймақ ретінде қарастыратының белгісі. Дональд Трамптың Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Серхио Гордың жеке қатысуы форумның маңызын растады.
Ресми күн тәртібі мазмұнды әрі алуан түрлі болды. Бас назар аймақ экономикасын әртараптандыру тақырыбы, оның ішінде ауыл шаруашылығын дамыту, туризм, қаржы секторын нығайту және Орталық Азияны цифрлық дәуірге дайындау болды.
Сөзсіз, әңгіменің көбі аса маңызды минералдар тақырыбының айналасында өрбіді. Бұл мәселе бойынша пікірталас техникалық әрі прагматикалық сипатта болды. Онда геологиялық барлаудан және бизнестің ортақ жұмысынан бастап заңнама және реттеуші нормаларды үйлестіруге дейін егжей-тегжейін талқылады.
Алайда бірдеңе жетіспеді.
B5+1 форумының негізгі мақсаты – сауда мен инвестицияны ынталандыру үшін америкалық және Орталық Азиядағы бизнес көшбасшылар мен мемлекеттік шенеуніктердің басын қосу. Бірақ «Шератонда» өткен отырыстар барысында өзекті мәселелер бойынша кешенді, ұзақ мерзімді талқылаудың іс жүзінде болмағаны айқын байқалды.
Мысалы, аса маңызды минералдар өндірісінің болашағы туралы барлық сөздердің арасында кен орындарының қауымдастықтарға еткен ықпалы, экологиялық қауіпсіздік және жергілікті халықтың шешім қабылдауға қатысу мәселесі іс жүзінде көтерілмеді.
Ал ашықтық, есептілік және тиісті мемлекеттік басқару тақырыптары, атап айтқанда, азаматтардың құқықтарын қорғау үшін де, ұзақ мерзімді инвестицияға төнетін қауіптің алдын алу үшін де түйінді мәселелер іс жүзінде талқыланбады. Тиімді басқару – екінші кезектегі мәселе емес. Ол – инвестициялардың тұрақтылығы мен тартымдылығының негізі.
Бизнес мүмкіндіктер кеңейген сайын тек ресурстар мен нарыққа қол жеткізу туралы ғана емес, қабылданатын шешімдердің салдары туралы да ойлану қажет.
Бұны есепке алсақ, күн тәртібінде климат өзгерісі тақырыбының іс жүзінде болмауы одан бетер ерекше көзге түсті. Орталық Азия климат өзгерісіне өте осал, алайда бұл мәселе кейінге ысырылды.
Баяндамашылар америкалық компаниялар өнімділікті арттыру үшін технологиядағы артықшылығын қалай пайдалана алатынын айтты. Бірақ қуаңшылыққа төзімді дақылдар немесе тұрақты ауыл шаруашылығына жүйелі түрде қарау осы өнімділіктің мерзімділігін қалай қамтамасыз ете алатынына әлдеқайда аз көңіл бөлді. АҚШ-тың осы салада бөлісе алатын үлкен тәжірибесі бар.
Жасанды интеллект пен цифрлық инновациялардың басқа түрлері бүкіл әлемдегідей Орталық Азияға да шабыт пен үміт сыйлап жүр. Сонымен бірге мүмкін болатын күтпеген кедергілерді ескеру өте маңызды.
Банктер қызметі, электрондық төлемдер және цифрлық экожүйені кеңейту деректер орталықтарын салуды мен сервер қуатын ұлғайтуды талап етеді. Ал оның бәрін салқындату үшін едәуір мөлшерде электр энергиясы мен су қажет, ал олардың қазірдің өзінде тапшы. Бұл мәселе Бішкекте тиісінше еленбеді.
Туризмді дамыту туралы сөз болғанда экологиялық қауіпсіздікке, биоәртүрлілікті сақтауға, нәзік экожүйелерді қорғауға, аймақтың тарихи және мәдени мұрасын сақтауға шынайы үндеулер айтылды. Алайда нақты шешімдер ұсынылмады.
Қайта-қайта айтылатын тақырыптардың бірі – аймақ елдерінің жақындасуы және олардың өзара белсендірек ортақ жұмыс істеуі болды. Бірақ іс жүзінде кеден кедергілерін азайту, стандарттарды келістіру және заңнаманы үйлестіру бойынша техникалық жұмыс орнынан жылжып жатқанның өзінде баяу жүріп жатыр.
Аймақтың ресми одағының болмауы реттеуші нормаларды үйлестіру бойынша міндетті келісімнің жоқ екенін білдіреді. Бұны кейбір елдердің Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы қиындатады (Қазақстан мен Қырғызстан мүше, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстан – мүше емес). Іс жүзінде бұл аймақ ынтымақтастығының басқа форматындағы кеңістігін шектейді. Орталық Азияның Қытаймен сауда-инвестициялық қатынастарының үздіксіз дамуы — тағы бір маңызды тақырып.
Оңтүстік дәліз мысалындағы көлік және логистика бағыттарын әртараптандыру тақырыбы бірнеше рет қозғалды, бірақ тек жалпылама нәрсе айтылып, көбіне абстракцияға жақын болды.
Ешкім түрлі көлік дәліздері бастамаларының қолданыстағы сауда режимдері мен геосаяси міндеттемелермен қалай бірге жұмыс істейтіні жайлы сұрақ қойған жоқ.
Мысалы, Қазақстан мен Қырғызстан – ЕАЭО мүшелері, Қытай өз сауда бағыттарын кеңейтіп жатыр, АҚШ балама дәліздерді алға тартып жүр. Бір-біріне ықпал ететін процестер іс жүзінде қалай жұмыс істейді? Олар қай жерде бір-бірін демеп, ал қай жерде шиеленіс тудыруы мүмкін? Бұл сұрақ ортаға салынбады.
Оның үстіне көлік дәлізін салу рельс төсеумен ғана шектелмейді. Ол қалаларды, еңбек миграциясын, жер дауын, экологиялық зиян мен теңсіздікті тудырады. Бұлар еленбей кетті. Баяндамашылар кедендегі келісімдер мен кептелістерге тоқталды, бірақ мұндай жобалардың қоғамдарды қалай өзгертетініне мән бермеді.
Мұның ешқайсысы форумның маңызын кемітпеді. Оның қатысушыларының басым бөлігі тарихи жерде отырғанын сезген сияқты.
Сонымен бірге келіссөздердің едәуір бөлігі ресми панельдерден тыс жабық форматтарда және бейресми кездесулерде өтті деп болжауға болады. Сондықтан адамдардың қауіпсіздігі, ашықтық және есептілік мәселелерінің ашық талқыланбауы одан бетер қынжылтады.
Шамамен сол уақытта, «Шератоннан» он минут жаяу жерде, Бішкектің тағы бір жоғары деңгейлі қонақ үйі, «Хайатта», тағы бір ірі іс-шара өтті.
Еуропалық Одақтың «Жаһандық қақпа» бастамасы аясында өткен ЕО-ның Орталық Азиядағы 6-шы Азаматтық форумы форматтағы айырмашылығына қарамастан, B5+1 форумымен ортақ тақырыптары, оның ішінде, цифрландыру және тұрақты даму болды.
Бұл екі конференц-залдағы адамдар бір-бірімен тығыз байланысты тақырыптарды талқылады, алайда талқы әр аудиторияғы қызық нәрселердің аясында жүрді. Бизнес пен стратегиялық жоспарлаушылар инвестицияға тоқталса, азаматтық қоғам өкілдері көбіне құқық, тұрақтылық және есептілікті сөз етті.
ЕО-тың іс-шарасы тұрақты дамуды және цифрландыруды азаматтық қоғам призмасы арқылы қарастырды. B5+1 форумы инвестиция тұрғысынан көлік пен пайдалы қазбаларға тоқталды. Инфрақұрылым, даму және басқару өзара байланысты, алайда ешкім бұл екі күн тәртібін біріктіруге тырыспады.
Осылайша, екі қонақ үй арасындағы қысқа серуен билік пен есептілік, инвестиция мен оның салдарының арасындағы үлкен алшақтықтың үнсіз метафорасына айналды.
B5+1 форумы АҚШ пен Орталық Азияның экономикадағы серіктестігін тереңдету және аймақтың болашақ дамуына арналған жоспарын ұсынды.
Бірақ егер әділдік, экологиялық тұрақтылық және есептілік мәселелері шет қалса, әріптестіктің нәтижесі тең бөлінбей, прогреске кері әсер ету мүмкін.
Бұл форматтың алдағы бас сынағы – алдағы кездесулерде ұйымдастырушылардың экономикалық талқылауға адам қауіпсіздігін кейінге ысырмай, оған негізгі тақырып ретінде қарауға батылдығы жету-жетпеуі болып тұр.
Аида Айдаркулова – CAPS Unlock-тың атқарушы директоры.
Қырғызстанның сауда көлемі өндіріс көлемінен артық. Айтарлықтай артық. Бұл бір жағынан артықшылық болса, екінші жағынан кемшілік. Он жылдан астам уақыт бойы Қырғызстан Орталық Азия арқылы өтетін тауарлардың хабына айналды. Қытай тауарларына толған жүздеген жүк көлігі Торугарт пен Иркештам шекара өткелдерінен бастау алатын таулы жолдармен гүрілдеп өтеді. Ұсақ кәсіпкерлер арзан отын алу үшін Қазақстанмен арасындағы шекарадан […]
Ортақ мақсат пен стратегияға қарамастан, екі ел халықараландыру процесінде әртүрлі тәсілдерді қолданады.
Білім берудегі «сапа» мен «теңдік» арасындағы ажырамас байланыс туралы.