Қырғызстанның реэкспорт моделінің артықшылығы мен кемшілігі

Сурет: Қырғызстан Көлік министрлігі

Қырғызстанның сауда көлемі өндіріс көлемінен артық. Айтарлықтай артық.


Бұл бір жағынан артықшылық болса, екінші жағынан кемшілік.


Он жылдан астам уақыт бойы Қырғызстан Орталық Азия арқылы өтетін тауарлардың хабына айналды.

Қытай тауарларына толған жүздеген жүк көлігі Торугарт пен Иркештам шекара өткелдерінен бастау алатын таулы жолдармен гүрілдеп өтеді. Ұсақ кәсіпкерлер арзан отын алу үшін Қазақстанмен арасындағы шекарадан өтеді. Өзбек тоқыма өнімдері қырғыз базарларын толтырып, кейін олар Армения, Беларусь пен Қазақстанның басын біріктірген Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) елдеріне қайта экспортталады. Бұл одақта Ресей басымдыққа ие. 

Бұл сауданың едәуір бөлігі бақылаудан, реттеуден тыс және салық төйлемейді.

Нәтижесінде парадокс туындайды: Қырғызстан өңірдегі саудаға белсенді қатысқанымен, ресми саудамен бірге келетін инвестиция мен өнеркәсіп өсімі сияқты артықшылықты толық пайдалана алмай отыр.

Аймақтағы қатынастардың, оның ішінде әсіресе Тәжікстанмен арадағы қатынастың жақсаруынан кейін мәселе Қырғызстан сауда жасай алу-алмауында емес. Жасай алады, бұл судай анық.


Мәселенің түп-төркіні басқа. Қырғызстан сауданы өзіне тиімді болатындай жүргізе ала ма және бұл сауда халқының тұрақты өркендеуіне көмектесе ала ма?

Көршілер арасындағы парадокс

Аймақтағы сауда орталығы ретіндегі беделіне қарамастан, Қырғызстан жақын  көршілерімен салыстырмалы түрде аз саудаласады. 2014 жылдан бастап 2023 жылға дейінгі онжылдықта тек Орталық Азиядан тек Қазақстан мен Өзбекстан сауда статистикасында елеулі орын алды.

Қазақстан, негізінен энергетика, металл және азық-түлік саудасы есебінен, қырғыз экспортының 16 пайызын және импортының 12 пайызын құрады.. Өзбекстанмен сауда соңғы жылдары өскенімен, осы кезеңде экспорттың небәрі 8 пайызын, импорттың 3 пайызын ғана құрады.

Басқа елдермен арасындағы сауда көлемі одан да аз. Тәжікстанның Қырғызстан саудасындағы үлесі шамамен 2 пайыз болған, бірақ 2022 жылғы шекара қақтығысынан кейін сауда мүлде тоқтады. Ал Түрікменстанмен (онымен ортақ шекара жоқ) сауда тіпті мардымсыз – импортта да, экспортта да небәрі 0,2 пайыз.

Қырғызстанның саудасында Ресей мен Қытай үстемдік етеді. Бұл екі елге импорттың шамамен 60 пайызы және экспорттың жартысына жуығы тиесілі. Дегенмен бұл сауданың көп бөлігі рэкспортқа жатады, яғни Қырғызстан транзит түйін рөлін атқарады.

Ресейдің Украинадағы соғысы басталғаннан кейін бұл үрдіс күшейе түсті. Мысал ретінде автокөлік өнеркәсібін алуға болады.

Батыс нарығына шығу мүмкіндігінен айырылған соң, Ресей балама жеткізу жолдарын іздеді. Қырғызстан осы сәтті пайдаланды. 2023 жылы ел шамамен 9 мың автокөлікті (негізінен Қытайдан, сонымен қатар Оңтүстік Корея мен басқа елдерден) қайта экспорттады. Оның 6 мыңнан астамы Ресейге жөнелтілді.

Алайда бұл ұзаққа созылмады. 2024 жылы ресми реэкспорт көлемі небәрі 1 300 автокөлікке дейін төмендеді. Ресей импорттағы мәселесін тез шешті.

Бұл жағдайдың басын ашып көрсетті: Қырғызстан өңірдің сауда жүйесіндегі бос орындарды жылдам пайдалана алады, бірақ мұндай мүмкіндіктер әдетте қысқа мерзімді болады. Әкелетін пайдасы мол (мысалы, автокөлік реэкспорты ондаған миллион доллар әкелді), алайда тұрақсыздық сыйлайтын сыртқы саяси қауіп те көп.

Cауданы ақылды жүргізу

Қырғызстанға қазір сауданы азайту емес, сауданы ақылды жолмен жүргізу қажет.

Біздің осы тақырыптағы талдама есебіміз көрсеткендей, ел өңірдегі сауда үшін тиімді транзит дәлізі болғанымен, тауарлардың шекарадан өту процесі баяу, бытыраңқы және көбіне бейресми сипатқа ие.

Кеден рәсімін жеңілдету, негізгі өткізу пункттеріндегі инфрақұрылымды жақсарту және көршілермен (әсіресе Қазақстан мен Өзбекстанмен) инспекция жұмысын үйлестіру сауда көлемі мен тиімділігін айтарлықтай арттыра алады.

Тәжікстанмен шекараны демаркациялау бойынша жақында жасалған тарихи келісім, шекара өткелдерінің ашылуы және Қытаймен өткізу бекеттерін жаңғырту өзгерістердің мүмкін екенін көрсетеді.

Теңізге тікелей шығатын жолы жоқ ел үшін жақын көршілерімен сауданы жеңілдету мен молайту – өсудің ең тиімді жолы.

Есебімізде ұзақ мерзімді тұрақтылық үшін терең құрылымдық өзгерістер қажет екені де атап өтілді.

2024 жылы автокөлік реэкспортының күрт құлдырауы Қырғызстан экономикасының транзит саудасына шамадан тыс тәуелді екенін көрсетті. Тұрақты экономика құру үшін ел өзінің өндіріс базасын кеңейту жолында ауыл шаруашылығы, тоқыма, құрылыс материалдары, сондай-ақ алтын мен стратегиялық маңызды шикізат өндіру сияқты әлеуеті бар салаларға инвестиция құюы тиіс.

Шикі руданы немесе өңделмеген шикізатты экспорттаудың орнына ел ішінде қайта өңдеу, қаптау және өндіріс арқылы қосылған құн жасау керек. Сонда пайданың басым бөлігі Қырғызстан ішінде қалады.

Егер Қырғызстан көршілерімен сауданы жетілдіріп, біртіндеп өз өндірісін дамыта алса, ол өңірдегі делдалдан өңірдегі нағыз саяси күшке айнала алады.

Бұл бір мезетте жүзеге асатын зат емес. Бірақ егер ел ашылып жатқан мүмкіндіктерді орынды пайдалана білсе, оның сауда жүйесіндегі орнын сыртқы факторлар емес, өзі-ақ айқындайды.

Қанат Тилекеев – Орталық Азия университетінің аға ғылыми қызметкері.

Posts Related by Tags

Жаһандық Қытайды карталау Пекиннің Орталық Азиядағы ықпалын жаңа қырынан көруге мүмкіндік береді

«Mapping Global China» жобасы Қытайдың Орталық Азиядағы бастамаларын қадағалауға мүмкіндік беріп, жергілікті шешімдер мен сыртқы ықпалдың қалай тоғысатынын көрсетеді.

Орталық Азияның әлем саудасына қосылу жолы

Ресейдің Украинаға толыққанды басып кіруі салдарынан әлемдегі сауда жүйесінің бұзылуы Орталық Азия елдеріне жаңа әрі қызықты мүмкіндіктер ашты. Аймақ ұзақ уақыт бойы шикізат экспортына тәуелді болды және экономикасын әртараптандыра алмады. Бұл – маңызды болса да, бірақ көбіне Орталық Азия елдерінің мүмкіндігін шектейтін Ресей және Қытаймен орнаған экономикалық байланыстың нәтижесі. 2022 жылдың ақпанынан бері өзгерістер байқалғанымен, […]

FATF талаптары Қазақстандағы терроризмге емес, азаматтық қоғамға зиянын тигузіде

Қысқа сұрақ қояйын.

Қазақстанда террористік ұйымдарды қаржыландыруға немесе трансұлттық есірткі саудасына байланысты ақшаны заңдастыруға қатысы бар деп күдіктелген коммерциялық емес, үкіметтік емес ұйымдардың саны қанша?

Біздің білуімізше, нөл.

Онда не себепті Қазақстан мен Орталық Азиядағы көршілес елдердегі азаматтық қоғам өкілдері өздерін күдікті сезініп, қатаң реттеліп жатқанын түсінбей келеді?

All posts