Екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінің бастамалары мен басымдықтары

Орталық Азия мен Қытай арасындағы ынтымақтастық қарқын алып жатыр.

2025 жылғы 17 маусымда Қазақстан астанасында өткен екінші «Орталық Азия – Қытай» саммиті тараптардың ұзақмерзімді стратегиялық әріптестігін растады. Бұл «Мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартқа» қабылдануынан айқын көрінді.

Орталық Азия мен Қытай арасындағы қарым-қатынас бойынша сарапшылардың пікірінше, аймақты қамтитын формат Қытай үшін негізгі бағытқа айналады. Бұл тәсіл басқа «C5+» форматтарына қарағанда басымдыққа ие әрі мықты институционалдық негізге ие.

Дегенмен бұған байланысты бірқатар сұрақ бар. Орталық Азия Қытаймен стратегиялық әріптестікті жүзеге асыру бойынша аймаққа ортақ көзқарас қалыптастырды ма? Сонымен қатар Орталық Азия Қытаймен бірлесіп экономикалық трансформацияға бағытталған ортақ жобалар жасай ала ма?

Қазақстанның көзқарасы

Қазақстан мен Қытайдың тәжірибесі көрсеткендей, аймақтық форматтың маңызы артып келе жатқанына қарамастан, екіжақты байланыс негізгі формат болып қалмақ.

16 маусым күні саммит қарсаңында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. Кездесу нәтижесінде инфрақұрылым, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен инновациялар салаларын қамтитын 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы қазіргі екіжақты қатынасты  екі ел экономикасына да оң әсер ететінін «алтын кезең» деп атады. Президент Тоқаев саммит барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың нәтижесі жайлы баяндады.

Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 44 миллиард АҚШ долларына жетті, Қытай инвестициясының көлемі 26 миллиард доллардан асты. Елімізде қытай капиталының қатысуымен шамамен 5 мың кәсіпорын жұмыс істейді.

2024 жылы Қытайдан келетін жалпы жүк тасымалының көлемі 211 мың контейнерден асты.
Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Қытаймен жасалған келісімдерді жүзеге асыру жөнінде жұмыс кеңесін өткізді. Ол президент Тоқаевтың 2029 жылға дейін кемінде 150 миллиард доллар шетелдік инвестицияны тарту тапсырмасын орындауда Қытайдың маңызды рөлін атап өтті.

Қытай инвесторлары 66,4 миллиард доллар болатын 224 индустриялық жобаны жүзеге асыруға қатысып жатыр. Бұл жобалар аясында шамамен 50 мың жұмыс орны ашылады.

Саммитке қатысушылар Орталық Азия мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты нығайту бойынша көп ұсыныс жасады. Бастамалардың басым бөлігін Қазақстан мен Өзбекстан басшылары ұсынды. Аймақтағы индустрияландыру мен технологиялық дамуды Қытайдың көмегімен жүзеге асыруға ұмтылып отырғаны байқалады.

Алайда бұл мақсаттарға жету үшін жоғары білікті мамандар қажет. Осы орайда Қазақстан Қытаймен ынтымақтастық арқылы «инженерлер академияларын» құруды және бірлескен зертханаларды ашуды жоспарлап отыр. Бұл қадам кәсіби мамандардың жаңа буынын даярлауға мүмкіндік береді. Бұл «Орталық Азия – Қытай» форматындағы 2026-2030 жылдарға арналған ұзақмерзімді стратегия аясында жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл стратегияны әзірлеуді Қазақстан ұсынды.

Өзбекстанның ұстанымы

Өзбекстан экономикасын трансформациялау үшін Қытай нарығын игеруді және қытайлық инвестиция мен технологияны тартуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта Президент Шавкат Мирзиёев сауда, өнеркәсіп, технология және инфрақұрылым салаларында ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған бірқатар ұсыныс айтты.

Атап айтқанда, «Орталық Азия – Қытай» индустриялық және инфрақұрылымдық белдеуінің ұзақмерзімді стратегиясын әзірлеу; «Орталық Азия – Қытай» даму қорын құру; Сауда және инвестициялар жөніндегі өңіраралық кеңес құру; Ташкентте аймақтық өнеркәсіптік стандарттау және сертификаттау орталығын ашуды ұсынды.

Президент Мирзиёев Қытай инвестициялары мен технологияларын тарту арқылы өзара байланысты өнеркәсіп кластерлерін құру мүмкіндігін ерекше атап өтті. Сонымен бірге, балама транзит дәліздерін құру мәселесіне де назар аударды.

Астанадағы саммит аясында ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Өзбекстан президентімен кездесті. Ол сауда процедураларын жеңілдетуге және Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолының құрылысын жеделдетуге шақырды.

Өзбек сарапшыларының пікірінше, қазіргі уақытта Еуропаға тауар тасымалында үлкен теңсіздік бар: Қазақстан транзиттің 93%-ын қамтамасыз етеді, ал Өзбекстанның үлесі небәрі 2,3%. Сондықтан Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолы мен Термез–Мазари-Шариф–Кабул–Пешавар темір жолы Өзбекстанның транзит хабы ретіндегі позициясын күшейте алады.

«Өзбекстан–Қырғызстан–Қытай–Моңғолия» бағыты бойынша алғашқы пилоттық автожүк тасымалының сәтті аяқталуы Өзбекстанның экспортты әртараптандыру мен жаңа транзит дәліздерін дамыту ниетінің айғақтайды. Ұлттық тасымалдаушы 8 күнде 4500 шақырымды еңсерді.

Қытайдың көздегені не?

Экономикалық бастамаларға қарамастан, Қытайдың басты мақсаты – аймақтық және ұлттық қауіпсіздік. Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыстағы тұрақсыздық жағдайында Қытайға Орталық Азиядағы саяси тұрақтылық аса маңызды. Бұл оған транзит дәліздерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, Қытайдың негізгі мақсаттарының бірі – энергетикалық қауіпсіздік. Әлем мен энергия тасымалдаушыны экспорттаушы елдердегі тұрақсыздықтың артуы Қытай мен Орталық Азия арасындағы мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықтың тереңдеуіне алып келеді.

Астанада өткен саммит аясында Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов ҚХР төрағасымен кездесті. Си Цзиньпин Қытай мен Түрікменстанның табиғи газ саласындағы ынтымақтастығын арттыруды ұсынды, ал Бердімұхамедов газ экспортын ұлғайтуға дайын екенін жеткізді.

Сондай-ақ, Қазақстанның энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» және қытайлық CNOOC компаниясы Каспий теңізінің солтүстік-шығысындағы «Жылыой» жобасы бойынша көмірсутектерді барлау мен өндіру туралы келісімге қол қойды.

Қытайтың тағы бір басты мақсаты – Шыңжаңды Орталық Азиямен байланыстыратын сауда және технологиялық хабқа айналдыру. Бұл өзара сауданы ырықтандыруды қажет етеді. Си Цзиньпин Өзбекстан президентімен кездескенде осыны атап өтті.

Айтуға тұрарлық жайт: экономикалық реформаларға қарамастан, Өзбекстан Қытай үшін ең жабық нарық болып қалып отыр.

Қорытынды және ұсыныстар

Қабылданған құжаттар мен ұсыныстарға қарап, Орталық Азия мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік одан әрі тереңдейді деген қорытынды жасауға болады. Алайда шешімін таппаған бірқатар маңызды мәселелер бар:

Біріншіден, барлық елдер Қытай нарығын игеруге қызығушылық танытып жүр. Бұл үшін сапа стандарттарын арттыруға көлемді ішкі инвестиция қажет. Индустрияландыру мен технологиялық даму бастамаларын жүзеге асыру үшін білікті мамандар даярлау маңызды. Қытай Қазақстанға суперкомпьютер берді, сондай-ақ Huawei компаниясымен бірге 25 ақпараттық-коммуникациялық орталық ашуды жоспарлап отыр. Өзбекстан Шанхайда Digital Technology Center ашты, қытайлық Эксимбанк Өзбекстанның IT саласын дамыту үшін 500 млн доллар несие бөлді. Бірақ бұл саладағы қаржыландыру әлі де төмен.

Бұл ынтымақтастықты жандандыру үшін алдыңғы қатарлы қытайлық компаниялардың технология саласында ортақ жұмысқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында ішкі қаржыландыруды едәуір көбейту қажет. Сонымен қатар, бұл жұмыстың нәтижесінде Орталық Азияның ұзақ мерзімді технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, өзінің инновациялық өнімдерін жасауы тиіс.

Екіншіден, Орталық Азияның бес мемлекеті қатысатын ірі бірлескен жоба жоқ. Бұл болашақта аймақ елдерінің Қытай инвестициясы үшін өзара бәсекелес болу қаупін тудырады.

Жоғарыда көрсеткенімдей, Орта дәліз жобасы көбінесе Қазақстанмен байланысты, ал Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан темір жолы қатысушы елдердің мүдделерімен ғана ұштасады. Осыған байланысты, өңір елдері Орталық Азияның экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды әзірлеуі қажет. Бұдан бөлек, бірлескен жобалар Қытай инвестициялары үшін болатын бәсекелестікті болдырмауға, сондай-ақ өңірлік дезинтеграцияның алдын алуға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, мұнай-газ және шикізаттық әріптестіктен жасыл энергетика мен технологиялар саласындағы кооперацияға басымдық беруді көздейтін қосымша шаралар қажет. Орталық Азия елдері Қытайдың бұл саладағы жаһандық көшбасшылығын пайдаланып, энергетика саласындағы өзгеріске, өңірде жаңа нарықтар құруға және тауар жеткізу жолдарына енуге ұмтылуы тиіс.

Төртіншіден, Орталық Азия елдері Қытаймен ынтымақтастықты тереңдету барысында қытайлық компаниялармен бәсекелестіктің де арта түсетінін естен шығармауы керек. Осы тұрғыдан алғанда, өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін адам капиталына ірі көлемде инвестиция құю және кәсіпкерлік пен инновация белсенділігін қолдау қажет.

Осылайша, Қытаймен ынтымақтастықтан түсетін пайда мен бірлескен ауқымды жобаларды жүзеге асыру Орталық Азияның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және өңірлік интеграцияны күшейтуге бағытталуы тиіс.

Азимжан Хитахунов – Орталық Азиядағы макроэкономика және өңірлік интеграцияны зерттейтін CAPS Unlock-тың аға ғылыми қызметкері.

Тәгтер бойынша байланысты жазбалар

Орталық Азияның әлем саудасына қосылу жолы

Ресейдің Украинаға толыққанды басып кіруі салдарынан әлемдегі сауда жүйесінің бұзылуы Орталық Азия елдеріне жаңа әрі қызықты мүмкіндіктер ашты. Аймақ ұзақ уақыт бойы шикізат экспортына тәуелді болды және экономикасын әртараптандыра алмады. Бұл – маңызды болса да, бірақ көбіне Орталық Азия елдерінің мүмкіндігін шектейтін Ресей және Қытаймен орнаған экономикалық байланыстың нәтижесі. 2022 жылдың ақпанынан бері өзгерістер байқалғанымен, […]

Климат жайлы мектептегі білім беруді өзгерту

Осындай жаттығу климаттың өзгеруін өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыра алады.

Жаһандық Қытайды карталау Пекиннің Орталық Азиядағы ықпалын жаңа қырынан көруге мүмкіндік береді

«Mapping Global China» жобасы Қытайдың Орталық Азиядағы бастамаларын қадағалауға мүмкіндік беріп, жергілікті шешімдер мен сыртқы ықпалдың қалай тоғысатынын көрсетеді.

All posts